Бір мұғалім бүтін бір сыныпқа ауру жұқтырды

Елімізде қауіпті індеттің ілмегіне ілінген мұғалімдер де көбейіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қыркүйектен бері 241 мұғалімнің диагнозы расталыпты. Мектеп қызметкерлерінің Covid-19-ды жұмыста ма әлде үйде ме, қайда жұқтырғаны белгісіз. Оқушылар да мұғалімдерінен қалып жатқан жоқ. Нұр-Сұлтанда бір мектеп толығымен карантинге жабылды. Бүгін білім саласының өкілдері кезекші сыныптарға баратын оқушылардың не себепті вирус жұқтыратынының құпиясын ашып берді.

«Коронавирус жұқтырмайық» деп бұқара жанын шүберекке түйіп жүргенімен, күннен-күнге ауырғандар саны артып жатыр. Сәйкесінше, еліміздегі аймақтар түстерін өзгертті. Мәселен, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары «қызыл аймақта», Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Қостанай және Павлодар облыстары «сары аймақта», ал қалған өңірлер «жасыл аймаққа» енді. Дегенмен, бұл түстерде сенім жоқ. Бір күн «қызыл аймақта» болған өңірлер ертесіне басқаша күй кешеді. Жағдай соған қарай өзгере бермек. Ал Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген мониторинг арқасында 9 өңірде кезекші сыныптар ашылды. Бір қызығы, мектепке барып оқып жүргендердің вирус жұқтыруы төмен екен.

Оқушыларды аурудан қорғау үшін жаңа жылдық кештер де өткізілмейтін болды. Аяз ата мен ақшақарды кезекші сыныптардағы балалардың өзі онлайн отырып, қызықтайды. Қай аймақта қандай жағдай болатыны интернет мерекені тойлауда еш әсер етпейін деп тұр. Кешегі президентпен өткен жиында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, еліміздегі эпидемиологиялық ахуал соңғы екі айда оптимистік болжам бойынша жақсы екенін айтқан еді. Егер осылай жалғастыра берсек, Қазақстанда қатаң карантин енгізілмеуі мүмкін. Ал жағдай нашарласа, үлкен өзгеріспен екінші тоқсанды бастаған мектептердің қашықтан оқуын санитар дәрігерлер қайта қарайды.

Дереккөз: https://www.ktk.kz