Оқушылар екінші тоқсанды қайдан оқиды? Білім министрлігі жауап берді

Әлеуметтік желілерде 2021 жылы оқушыларды қашықтан оқыту форматы жалғасатыны жайлы ақпарат тараған еді.

“Алғашқы тоқсан 5 қарашада аяқталады. Санитариялық дәрігерлердің талаптары бойынша оқушылар негізінен қашықтан оқуда. Ата-аналардың талап-тілектері бойынша 1-4 сынып оқушылары санитариялық талаптардың сақталуымен кезекші сыныптарда білім алып жатыр. Бір сыныпта оқушылардың саны 15-тен аспауы керек.

Денсаулық сақтау министрлігінен шешім шыққаннан кейін оны бірден хабарлайтын боламыз”, – деді білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Гаухар Омарбек.

Оның айтуынша, карантин шектеулері жағдайында оқыту форматы туралы шешімді бас мемлекеттік санитариялық дәрігер қабылдайды.

“Мектеп жұмысының форматы кинотеатрлар, сауда орталықтары, фитнес-орталықтар секілді санитариялық дәрігерлердің шешімі мен эпидемиологиялық ахуалға байланысты болады. Тек шынайы ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз. Жалған ақпарат таратқан адамдардың қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз”, – дейді Гаухар Омарбек.

Дереккөз: https://dalanews.kz