Шәкәрім Құдайбердіұлы

Шәкәрім Құдайбердіұлы қазіргі Семей облысында 1858 жылы, 11 июль күні дүниеге келеді. Шәкәрімнің әкесі Құдайберді ерте қайтыс болады. Бұл кезде Шәкәрім Құдайбердіұлы жеті жаста еді. Алпауыт атасы Құнанбайдың тәрбиесіне алынған Шәкәрім жетімдік тауқыметін тартпаса да, әке қазасы жаны нәзік, көкірегі сезімді балаға оңай соқпағанға ұқсайды. Сол түста тебіренген балауса жүректен алғаш жоқтау, жыр өлең де көздің жасымен бірге кұйылады. Бірақ казақта екі ауыз өлеңді кім шығармайды? Жас баланың жаңағы талабы өмір күйбеңінің күлді-көмешіне алданып қалып қояр ма еді, қайтер еді, егер Шәкәрім Құнанбайдағы ерке тотай қалпынан тез ауысып, Абай тәрбиесіне көшпесе.

«Мұтылғанның өмірі» атты автобиографиялық өлеңінде Шәкәрім Құдайбердіұлы бес жасында ауыл молласынан сабақ ала бастағанын жазады. Әйтеуір, төрт-бес жыл көлемінде қара танып шықса керек. Бұдан кейін еш мектеп оқуынан өтпесе де, былайғы өмірі де өнер-білім қуған жастың өсу жолын аңғартады. Домбыра тарту, гармоньда ойнау, қаршыға, бүркіт баулып, саятшылық, жасау, сурет салу, өлең жазу, ғылымға құмарлану, қалтасындағы сағатының механизміне дейін ақтарьш-төңкеріп отырып, тоқтап қалса, өзі жүргізіп алатын мініскерлікке төселу, киімді өзінше тігіп киінуі — міне, бұның, бәрі сегіз қырлы, бір сырлы адамның қолынан ғана келетін іс. Бір сайлау мерзімі болыс та болып көреді. Артынша ол «еріксіз жемтік шоқыдым», «ар кетіп, айла жамылдым» деп опынады, ұлық болуды дәреже көріп, лоқығанына өкінеді, сусаған ғылымнан жырақтағанына налиды.

Бірақ Шәкәрім өзін мінегенде кейінгі жасқа сабақ болсын дейді. Мұны ұмытпауымыз керек. Әйтпесе ел жұмысына араласу оған өз тұсындағы коғамның тамырын басып, сырқатын анықтап алуына көмектесті. Творчествосынан да мүлде қол үзіп кетпеген. Ұстазы Абайдың тапсырмасы бойынша, шежіремен айналысады, жиырма бесінде «Қазақтың түп атасы» деген еңбек туғызады, өлеңін де жаза береді, «ғылымнан едім жалаңаш» десе де, қырық жасқа дейін ол орыс, түрік, араб, парсы тілін үйреніп, «философ-ойшыл жазғанын сынауға» бет бұрады.