Қашықтықтан оқыту — білім жүйесіндегі жаңа үдеріс

Кубеева Мадина Досымбековна

  Намазбай Ақшабаев атындағы орта мектебінің директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары

  Жамбыл облысы

 Байзақ ауданы

 Қызыл Жұлдыз ауылы 

 Қашықтықтан оқыту — білім жүйесіндегі жаңа үдеріс

 2020 жылдың басты жаңалығы коронавирустық инфекцияның пайда болуы — білім беру жүйесіне жаңа үдерісті, қашықтық  оқыту үдерісін енгізді. Қашықтан оқыту – ақпараттық құралдар және ғылыми негізделген тәсілдер арқылы білім алу формасы.  Елімізде, тіпті әлемде алғаш рет  білім беру жүйесінде қашықтан оқыту арқылы білім беру мен тәрбиелеу ісі жүргізілетін болғандықтан бастапқы кезде көптеген қиындықтар мен қобалжулар болғаны рас. COVID-19 вирусының таралуына байланысты қашықтан оқыту таптырмас әрі жалғыз шешім болды. Оқып жүрген оқушылар, студенттер  бәрі бос уақыттарын отбасымен өткізу мүмкіндігін алды. Сонымен қатар үйде отырып ақ тапсырмаларды орындап, дәріс берушімен байланыс жасай алуына мүмкіндік туды.Бұл қиыншылықты мектеп әкімшілігі, ұстаздар  мен оқушылар, ата-аналары түсінді,қиындыққа мойымай  өзгерісті қабылдады. Тек ғана, бірлескен күш-жігердің арқасында осы кезеңді абыроймен еңсере алатынымызға шын жүректен сендік. Облыстық, аудандық білім бөлімдерінің  тарапынан аса маңызды шешімдер қабылдауға бағыт-бағдарлар беріліп, кедергілерден шығу мақсатында   мектеп ұжымы ынтымақтастықта жұмыс жасай отырып, оқу жылының төртінші оқу тоқсанына қызу дайындықты бастап кеттік. Барлық мүмкіндіктерді, аспектілер мен тәуекелдерді жан-жақты ой елегінен өткізе отырып, ағымдағы оқу жылының соңғы тоқсанына арналған жұмыс жоспарлары жасалынды. Жоспар аясында біршама жұмыстар жүргізілді. Осындай қиын сәтте сан қырлы, әрі күрделі мәселелерді жүзеге асыруда  мұғалімнің атқарар рөлі орасан зор болды. Оған әрі ауыр, әрі жауапты міндет жүгі жүктелді: ол қысқа мерзімді оқу жоспарын дайындап, оны қашықтықтан білім беру жүйесімен ұштастыруды, оқу үрдісінің барысын қадағалап, тапсырмаларды орындау барысында, өз бетімен бақылау-пысықтау жұмыстарын орындау жөнінде ұсыныстар беруге бейімделді. Қашықтықтан оқыту тәсілі бойынша жұмыс істейтін педагог оқытудың жаңа технологиясын, оқытудың компьютерлі және тораптық жүйелерін жетік біліп, олармен   іс жүргізу  ісін орындау шарт еді.   Жаңаша үдеріс ұстаздардың басқа қырынан танылуына, сонымен қатар ұстаздардың теле жүргізуші, диктор ретіндегі мүлдем жаңа рөлді меңгеруіне әкелді. Кәсіби деңгейлері артты.

   Қазіргі уақытта Қазақстанда білім жүйесінде жаңа ақпараттық технологиялар кеңінен қолданыла бастады. Ақпараттық технологияларды және компьютерлік желі арқылы жаңа білім беру әдістерін пайдалану кеңейтіліп келеді. Жаңа ақпараттық технологияларды білім жүйесінде қолданудың ең маңызды факторы негізгі қозғаушы күші — адам. Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру жүйесі ұстаздар мен оқушылар арасында оқу процесіне қатысты кез келген форматтағы файлдармен алмасуды қолдайды. Қазіргі заманда білім жүйесінің заман талабына, уақыттың сұранысына қарай ғарыштап дамуы, әрбір педагогтан сабақты ғылыми жобада жасауын талап етеді. Сабақты ғылыми жобада жасай білген мұғалім оқушы жүрегіне жол тауып, оның сабаққа деген қызығушылығын арттырып, мұғалім мен оқушы арасында түсінушілік пайда болады. Мұғалімнің коммуникативті дамуы: оқушыларды тыңдау, олардың көзқарасын түсіне білу, сын жасай білу, әңгіме, ұйымдастыра білу керек. Әрбір мұғалімнің бойында шартты рефлекциялық қасиеттер қалыптасуы керек: балаларды оқытуды өзінің тәсілін жұмысында қолданып, қиын жағдайларда шешімін тауып, шыға білу керек. Қашықтан оқыту курсы осыған бағытталған. Қашықтық оқыту жағдайындағы мектеп ұстаздарына әдістемелік қолдау көрсету вебинарлар арқылы, ата-аналар мен оқушыларға арналған түсіндірме жұмыстары ZOOM интернет платформасы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Қашықтан оқыту бағдарламасы аясында ұсынылған әрбір платформалар тиімді болды, ұстаздарға көмегі зор болды. Бұл цифрлық жүйелер оқушыларға өткен сабақты немесе бұрын талқыланған тақырыпты қайта қарауға, сондай-ақ онлайн-сабақ өткізуге, кері байланыс орнатуға, жеке дара оқыту мен тапсырмаларды геймификациялауға зор мүмкіндік береді.

Қашықтықтан оқытуды күрделі процесс деп санамауымыз қажет, қазіргі білім беру ресурстарының болуы материалды зерттеуді ұйымдастыруда және оның дамуын бақылауда мұғалімнің міндеттерін жеңілдетуге арналған. Тек дұрыс материалды таңдап, оқушылармен байланысын жоғалтпау өте маңызды, үнемі сізбен бірге екендігіңізді және сабақ беру сіздің ортақ міндетіңіз екенін айқындап отырыңыз.

     Қорыта келе айтарым, қашықтықтан оқыту жүйесінің рөлі қазіргі таңда білім саласы үшін өте жоғары, себебі бұл жүйе арқылы мұғалімдеріміз бен окушыларымыз әлемдік ақпараттармен байланысуға, білімдерін онлайн жалғастыруға, ғылыми және шығармашылық жұмыстарын жетілдіруге, әлемдік ақпарат кеңістігінде өздерінің білімдерін шындауга зор мүмкіндік алады.