БҚО-да волонтерлер оқушыларға ағылшын тілін тегін үйретіп жатыр

БҚО-да еріктілер мектеп оқушыларына тегін қосымша сабақ беріп жүр,  «Birgemiz: Bilim» жобасы аясында ынталы жасөспірімдерге ағылшын тілінен дәріс оқылады. Сонымен қатар волонтерлер жоғары сынып оқушыларының ҰБТ-ға дайындалуына көмектеседі. Олар оқыту жүйесін әзірлеуде шетелдік көшбасшы университеттердің тәжірибесіне сүйенген. Қазталов ауданында апалы-сіңлілі Гүлбарам мен Асылзада еріктілер бастамасына үлес қосып жүр. Жас педагогтар аптасына 2-3 рет  жұмыстан тыс уақытында балаларға онлайн платформа арқылы ағылшын тілін үйретеді. Курсқа жазылған оқушылардың көбі аудан орталығынан шалғайдағы елді мекендерде тұрады екен. Асылзада Лұқпанова, волонтер: – Менің тобымдағы оқушылардың интернеттері нашар. Сондықтан тек WhatsApp желісі арқылы оқимыз. Қазіргі таңда 11 оқушы білім алуда. Олар – 7-сынып пен 11-сынып аралығындағы оқушылар. Деңгейлері бойынша бөлініп алынды. Менің деңгейім – beginner (бастапқы), яғни алғашқы деңгейден бастап сабақ беремін.

Дереккөз: https://24.kz/